АХҚО төрелік орталығы - коммерциялық дауларды шешу жолында Еуразия кеңістігіндегі елдерде сұранысқа ие алаңдардың біріне айналды. Қазақстан аумағында оның жұмысы бастағалы 1200-ден астам іс қаралған. Олардың барлығы сәтті шешілген, біршамасы медиация арқылы. «Jibek Joly» арнасына эксклюзивті сұхбат берген халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доман осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, 2019 жылы аталмыш орталыққа және АХҚО сотына әлемнің кез-келген нүктесінен онлайн өтініш жасауға мүмкіндік беретін e-Justice арнайы электрондық жүйесі әзірленген. Сонымен қатар, бұл тұғырнама арқылы бар үрдістің барысын бақылауға, хабарламалар алуға және қашықтан тыңдаулар өткізуге болады.
Барбара Доманн, Халықаралық төрелік орталығының төрайымы:
- Біз өз атымызды ұлттық, трансұлттық, аймақтық және трансөңірлік деңгейлердегі картаға жаздық. Өздеріңіз білетіндей, бізде медиация және арбитраж арқылы шешілген 1212 іс қаралды. Судьялар шығарған барлық үкімдер еш қиындықсыз, яғни мүлтіксіз орындалды. Барлық келісімшарттық төлемдер, тіпті үкіметтік деңгейдегі төлемдер де толық өтелді. Сондықтан, Орталық Азияда жаңадан аймақтық және супер аймақтық төрелік орталығын құрдық деп сенімді түрде айта аламыз. Менің ойымша, төрелік орталығын құруды қолдаған елдердің көшбасшылары дәл осыны көздеді. Мақсатқа қол жеткізілді. 4 жылдан сәл артық уақытта бізді осындай табысқа жетеді деп ойлағандар аз болды.
Айта кетейік, Халықаралық төрелік орталық АХҚО-дағы азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін сот талқылауына тәуелсіз және жедел балама ұсынуға мүмкіндік береді. Ол елорданың қаржы орталығының негізгі органдарының бірі болып табылады. Оның жұмысына әлемнің жер-жерінен 40 тәуелсіз халықаралық төреші тартылған.