Бүгінгі қоғамның шынайы бет-бейнесі жас қылқалам шеберлерінің көзімен. Елордадағы «Құланшы» заманауи өнер орталығында «Мета-Ғалам» атты көрме ашылды. Онда елдің әр өңірінен жиналған көркем өнер туындылары топтастырылған. Ұжымдық көрмеге 9 жас суретшінің 100-ге тарта төл еңбегі қойылған. Басым көпшілігі – көркемсурет, графика және мүсін. Әрбір жұмыстың өзіндік мәнері мен автордың қайталанбас қолтаңбасы бар. Дегенмен барлығын біріктіретін бір тақырып – күнделікті көз алдымыздағы қоғамның тыныс-тіршілігі мен құндылықтары. Осыны әрбірі өз ой елегінен өткізіп, туындылары арқылы жеткізуге тырысқан. Көрмені алдағы наурыз айының соңына дейін тамашалауға болады.
Нұрболат Асқар, суретші:
- Көбінесе өзім көріп жүрген дүниелерді саламын. Мені жылулық, махабат сынды отбасылық құндылықтар қызықтырады.
Айтжамал Тастамбекова, суретші:
- Менің ойымша, әр әйелдің басында бақ құсы болады. Ең бастысы сол бақ құсын ұшырып алмау керек. Көбінесе әйелдің мінезін, тағдырын, жан-күйін көрсеткім келді.