Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының
мамандары 200-ден астам көне кітапты цифрландырды. Қазір қорда екі мыңға жуық жәдігер
бар. Көбі IV-IVI ғасырларға тиесілі латын, кириллица әрпімен араб, парсы,
ежелгі түркі және басқа да тілдерде жазылған кітаптар. Олардың қатарында жер-жаһанға
әйгілі ғалымдардың еңбектері, қасиетті жазбалар мен каллиграфия, яғни көркем
жазудың да жарқын үлгілері бар. Енді орталықта жасанды интеллект-технологияларын
енгізу жоспарланып отыр. Осы арқылы материалдарды аудару, өңдеу және талдау
жұмыстары жеделдейді. Орталық сарапшылары елордалық оқушыларға көне жазбаларды
сақтау мен жаңғыртудың маңызы туралы айтып берді. Мұнда Ұлттық кітап күніне
орай жас қонақтар үшін экскурсиялар мен шеберлік сыныптары өткізілді.
Жандос Болдықов, Ұлттық
қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының директоры:
- «Біз мектеп
оқушыларының ежелгі қолжазбалардың құндылығын түсінсе дейміз. Себебі, жәдігерлердің
барлығы бізге қолжетімді әрі түсінікті деген пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, олардың
ішінде сыры ашылмаған тылсым мәліметтер жетіп артылады. Сондықтан тарихты
түгендеу үшін атқаратын жұмыс ауқымы әлі көп. Бұл құнды мұралардың ішін ақтарып
саралау үшін әуелде оларды бәз-баяғы қалпын сақтап қалу керек. Арнайы қоймалар,
белгілі бір температура қажет. Бұл барлық жастарды кітап оқу мәдениетіне баулумен
байланысты».
Орталық шетелде жәдігерлер сақталатын қойма және кітапхана мамандарымен
бірлесе ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл халықаралық әріптестік
аясында жүзеге асырылады. Әсіресе Орталық Азия аумағындағы әріптестермен тығыз
қарым-қатынас орнатылған. Отандық мамандар тәжірибе алмасады. Сонымен қатар,
құнды әрі сирек жәдігерлер іздейді. Олар уақыт өте қазақстандық
реставраторлардың көмегімен қалыпқа келтіріліп, көпшілік назарына ұсынылады.
Бақша Әшірбекова, Ұлттық қолжазбалар және сирек
кітаптар орталығының бас сарапшысы:
- «Бұл кітаптар - өте
сирек туындылар. Олармен жұмыс істегенде біз табиғи материалдарды пайдаланамыз.
Мысалы, желімді өзіміз жасаймыз. Ұнды пайдаланамыз. Тігу үшін мақтадан жасалған
жіптерді қолданамыз. Рең беру үшін бояулар да бөлек. Мысалы мынандай рең беру
үшін. Қағаздың өзі ақ түсті, жапондық материал. Акрил бояулар қолданамыз. Мен
өзім Ресейде Мәскеуде, одан кейін Арменияда оқыдым. Сонымен қатар, Иранда,
Бурятияда тәжірибе жинақтадым».

