Қазақтың ұлттық музыка өнері «Асыл мұра» деген атаумен әлемдік кеңістікке жол тартты. Жинақтағы аудиошығармалар енді Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты музыкалық платформаларда қолжетімді. «Алтын қорда» сақталған жалпы саны мың жарымға тарта жыр-терме, ертегі, бесік жыры нұсқалары алғаш рет жаһандық деңгейде танымал стримингтерде жүктелді. Бұл бірегей аудиожинақтың ерекшелігі – мұндағы шығармалардың көбі алғашқы орындаушылармен, яғни түпнұсқа күйінде берілген. Бұл туындылар Мемлекеттік телерадиокорпорация мұрағатында сақталған. Жаңа жобаның таныстырылымда сөз сөйлеген Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин жинақтың халықаралық платформаларға шығуы ұлттық мәдениетті дәріптеуге тың серпін беретінін атап өтті.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Ұлттық бірегейлігіміз, тәуелсіздігіміз, төл құндылықтарымыз үшін күрес енді цифрлық кеңістікте болады. Кім сол цифрлық кеңістіккке өз өнерін, мәдениетін, төл құндылықтарын, тарихын жеткізеді, жүйе алады, сол елдің, сол ұлттың, халықтың мәдениеті, өнері тағы бір заман ғұмыры ұзарады деген сөз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

