Қазақстандық композитордың туындыларын «Verlag Neue Musik» Германияның беделді музыкалық баспасы басып шығарады. Рахат-би Әбдісағынның органға жазған партитурасы осы елдің барлық музыка дүкенінде сатылады. Сондай-ақ елдің Ұлттық кітапханасы және консерваториялар мен университеттеріне табысталады. Осыған дейін бұл баспа Рахат-би Әбдісағынның сыбызғы және гитараға арналған туындыларын да жариялаған еді.
Жалпы «Verlag Neue Musik» 60 жыл бойы атақты классиктермен қатар, дарынды жас композиторлардың шығармаларын шығарып келеді.
Кристоф Таггатц, «Verlag Neue Musik» баспасының шеф-редакторы:
- Бетховен секілді классиктермен қатар, Германия, Италия, Франция және Англияның белгілі заманауи композиторларының туындыларын басып шығарамыз. Рахат-би Әбдісағын – біз әріптестік орнатқан алғашқы қазақстандық композитор. Оның дарынын бұрыннан бері білеміз. Жеке өзім онымен таныспын. Музыкасын тыңдағанда, шығармаларының бірегей стилін танимын. Өзінің дара тілі бар. Сатумен қатар, оның еңбектерін консерваториялардың доценттеріне табыстаймыз. Студенттерге көрсетуге болады.