Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азияның көлік инфроқұрылымын жаңғыртуға бағытталған инвестицияларының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Бұл жөнінде Үкіметте қаржы институтының еліміздегі тұрақты өкілі мәлімдеді. Қазір бұл банктің қаржыландыруымен жалпы құны - 3,2 млрд доллардың екі ірі жобасы жүзеге асуда. Ол - елдің Оңтүстігі мен Батысын және Шығыс пен Батысты жалғайтын халықаралық көлік дәліздері. Жоспарланған екі мың шақырымнан астам жолдың 1600 астамы салынып, бітті. Сондай-ақ қазір тараптар елдің Оңтүстігі мен Солтүстігі арасында тартылатын 4 жолақты жолдың құрылысын пысықтауда. Жоба Транскаспий халықаралық бағытының мультимодальді дамуына серпін бермек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Біз ынтымақтастықты ары қарай жалғастыруға мүдделіміз. Барлық қажетті шешімдерді тездетіп қабылдау керек. Бүгінде өте маңызды мәселе қозғалды: бұл жергілікті қамту үлесін арттыру және Дүниежүзілік банктің есебінен қаржыландырылатын жобаларды іске асыруға қазақстандық компаниялардың қатысуына жағдай жасау. Аталған бастамаларды толығымен қолдаймыз және жергілікті бизнес пен құзыреттілікті дамыту – біз үшін өте маңызды. Бұл мәселе бойынша бірге жұмыс істейміз.
Сондай-ақ, жиында 2025 жылы
елімізде SuperPave қағидаттары іске асатыны айтылды. Асфальтбетон әзірлеудің
бұл отандық әдісі әлемдік талаптарға
жауап береді. Яғни, жол төсемінің жоғары сапасын қамтамасыз
етеді. Сонымен қатар, келер жылдан жол-құрылыс
материалдарының сапасын бақылау жөніндегі бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі.
Қазіргі таңда жүйе 4 өңірде пилоттық
режимде жұмыс істейді.