Қазақстанға Аспан асты елінің миллионнан аса оқырманы бар танымал блогерлері келді. Шетелдік қонақтарға республиканың тұмса табиғаты мен туристік аймақтары көрсетілді. Астана және Алматы қалаларында арнайы ақпараттық тур ұйымдастырылып, Іле-Алатауы, Шарын және Бурабай ұлттық саябақтарын аралады. «KAZAKH TOURISM» ұлттық компаниясының мәліметінше, инфлюенсерлер Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысы әкімдіктерінің қолдауымен елордадағы ұлттық мейрамхананың ашылуына арнайы шақырылды.
Шырын Мусина, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының бренд және маркетинг департаментінің басқарушы директоры:
– Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы аясында елордада қазақ мейрамханасының ашылуына 20 миллионнан астам аудиториясы бар танымал қытайлық блогерлер шақырылды. Елімізге келген қонақтар Қазақстан шын мәнінде туристер арасында ең танымал аймаққа айналады деген пікір білдірді.
Олар еліміздің көз тартар табиғатының сұлулығын фото, видеоға түсіріп, өз парақшаларында бөлісті. Айта кетейік, соңғы кезде Қазақстан – Аспан асты елі азаматтары арасында үлкен қызығушылыққа ие елдердің бірі.