Қазақстандық ғалымдар Алтын Орда дәуірінің тарихи костюмын қайта жасады

Қазақстандық ғалымдар Алтын орда дәуіріндегі ер адамның келбетін жасады. Бет-пішіні дәл келді деп айтуға да болады. Тіпті, киімі де асқан дәлдікпен жасалған. Адамның пішінін және киімдерін Марғұлан университеті жанындағы археологиялық зерттеу Институтының «UMAI» халықаралық лабораториясы жүргізді. Шапан мен ер адамның етігі Талмас-Ата кесенесінде табылған. Мамандардың айтуынша, жерленген ер адамның кескін-келбетін қалпына келтіру жұмыстары толыққанды оның аяқ-киіміне қарап жасалды. Ал, етіктің өзі болса, байырғы технологияларды қолдану арқылы дайындалды.

 

Татьяна Крупа, Марғұлан университеті археологиялық зерттеу институтының халықаралық зертханасының меңгерушісі:

-Бұл декор өте ерекше, түпнұсқа. Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Енді етікті консервациялау жоспарлануда. Бірақ, бұл етіктің көшірмесін жасап алдық. Аяқ-киімде өкше мен табанынан басқаның барлығы сақталған. Оны толыққанды қалпына келтіріп, өлшемін алдық және тігістерін егжей-тегжейлі зерттедік. Осылайша, сол кезеңдегі технологияларды пайдалана отыра, қазіргі кездегі таза терімен, сол тігіс әдістерін қолданып, етіктің көшірмесін жасадық.

 

Ортағасырлық ер адам бейнесін дәл келтіру үшін ғалымдар оның бас сүйегіне пластика қолданған. Одан бөлек, зертханада байырғы материалдар мен бояулар зерттелді. Артынша, олар Алтын Орда дәуірі тұрғынының сырт киімін реставрациялау кезінде пайдаланылды.

 

Татьяна Крупа, Марғұлан университеті археологиялық зерттеу институтының халықаралық зертханасының меңгерушісі:

– Өкінішке қарай, костюм сақталмаған. Біз оған барынша ұқсас материал іздеп-таптық. Мәселен, халаттың үстіне осындай алтын баршын мата, жібек мата қолдандық. Жалпы, костюм, оның ішіндегі шалбар, жейде, халат – барлығы жібектен жасалған. Жейде және өзге киімге қолданылған жібек матаның түсі ақ болды. Біз оны қазіргі және бұрынғының технологияларын байланыстыру үшін алдық. Содан кейін оны Алтын орда дәуіріндегі кең таралған түстерге боядық.

 

Халықаралық зертхана ғалымдарының айтуынша, реконструкция жұмыстары бұдан кейін де жалғаса бермек. Ал, оның нәтижесі консервацияланып, келесі ұрпақ үшін сақталады.