Қазақстанның театр өнерінің трансформациясы

Пандемия өнерге тұсау емес. Сахна саңлақтары үшін шектеу шаралары шекара болмады. Карантин уақытында актерлер сүйікті көрерменімен қауышудың жаңа амалдарын тапты. Қашықтан дайындалып, онлайн режимінде тың қойылымдар ұсына білді.

Осылайша, көптеген отандық өнер ұжымдары көне өнерді заман сұранысына сай жаңа мәнерге салып, озық технологиялардың көмегімен желіге шықты. Бір сөзбен, қым-қуырт сәтте өнер сүйер қауым үйреншікті әдеттерінен ада болмады. «Астана Опера» театры да бұл үрдістен кем қалмады. 

Еліміздегі «Астана Балет» театрының ұжымы да қиын-қыстау кезде көрерменін қашықтан болсын үздік қойылымдарымен қуантты.

Мысыр мен Сирияның даңқты мамлүктің сұлтанына айналған Бейбарыс жайында қойылған еліміздегі алғашқы спектакль телебалетке айналды. Бұл тұңғыш рет орын алғанымен, соңғы тәжірибе емес, дейді өнер майталмандары.

Айта кетерлік жайт, театр өнерін сүйетін жандар енді қазақстандық әртістерді виртуалды шынайылық форматында тамашалай алатын болды. Отандық театр ұжымдары стриммингтік қызметтерді меңгере бастады.

Осылайша, «Астана Балет» театрының толық үлгідегі қойылымдары мен эксклюзивті спектаклдері 360 градус форматында қолжетімді болмақ. 

АЛЕКСАНДР СОВОСТЬЯНОВ, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Сонымен қатар, жалпы балет құрылымы да өзгерді. Яғни, 360 форматында әртіс көрерменге емес, айналмалы камераның бір нүктесіне жұмыс істейді. Сондықтан да балеттің хореграфиясы да, декорациясы да өзіндік өзгеріске ұшырады. Әрине мұның бәріне уақыт керек болды. Бұл үлкен әрі қиын жұмысты басынан қоюшы режиссерлер мен техникалық қызметтің барлық ұжымы өткерді.

Сондай-ақ биыл еліміз жаңа өнер ордаларымен толыға түсті. Қазақстанның бас шаһарында Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театры жаңа ғимаратқа көшіп, музыкалық жас көрермен театры құрылды.

АСХАТ МАЕМИРОВ, МУЗЫКАЛЫҚ ЖАС КӨРЕРМЕН ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл – Қазақстанда аналогы алғаш құрылып жатқан театр, «Музыкалық жас көрермен» театры. Яғни балалар мен жасөсіпірімдерге арналған музыкалық театр. Өзінің оркестрі бар. Өзіміздің ұлттық кейіпкерлеріміз, халық ертегілері – «Тазша бала», «Алдар көсе», «Күнекей қыз», «Қожанасыр» және әлемге танымал «Золушка», «Алтын кілт» осыларды көрсеткіміз келеді.

2020 жыл отандық театрлар сандық технологиялар мен трансформация дәуіріне өнердің сәтті ендіріліп келетінін айқын танытты.