Қазақстанның су шаруашылығы жобаларына Ислам даму банкі 1 млрд доллардан астам қаржы бөледі

Ислам даму банкі Қазақстанның су шаруашылығы жобаларына 1 млрд доллардан астам қаржы бөледі. Ол еліміздің су жүйесін жаңғыртуға бағытталмақ. Бұл жөнінде Астанада Араб үйлестіру тобының дөңгелек үстелінде мәлімделді. Тараптар арнайы келісім хаттамасына қол қойды. Осының нәтижесінде биыл 9 өңірде су тасқынының салдарын қалпына келтіру жұмыстары басталмақ.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Еліміздің су жүйесі қалпына келтіріледі. Ол біздегі су тасқындарымен тиімді түрде күресуге, жалпы суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елімізде жаңа су резерваттары пайда болып, каналдар қазылады. Су қоймалары салынады. Ескірген инфрақұрылым толығымен қалпына келтіріледі. Биыл, біз, қазан айының басында тиісті несиелік жобаға қол қоямыз.

Жалпы Парсы шығанағы елдерінің инвесторларына түрлі бағытта 250-ге тарта жоба ұсынылды. Олардың ортақ инвестициялық құны 10 млрд доллардан асады. Араб үйлестіру тобының мүшелері Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін білдірді.

Анасс Айссами, ИДБ Елдік бағдарламалар жөніндегі бас директоры:

- Су ресурстарынан басқа, біз, көлік секторына да атсалысуды жоспарлап отырмыз. Осыған орай, бірқатар банктік жобалар құрамыз. Осы топ құрылғаннан бері, Қазақстанда 1,6 млрд доллардың жобалары қаржыландырылды. Тек 2024-2026 жылдар аралығында Қазақстанға 3,65 млрд доллар бөлуді жоспарлап қойдық.