Мұндай келісімге Президент Қасым Жомарт Тоқаевтің ресми сапары аясында аталған елдің жетекші компанияларының басшыларымен кездесуінде қол жеткізілді. Атом өнеркәсібі, энергетика, өнеркәсіптік газдарды өндіру, көлік жасау салалары. Міне, осы және өзге де бағыттарда француз компаниялары жаңа жобаларын жүзеге асырып, елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарының көкжиегін кеңейтуге дайын. Президент бірнеше ірі компаниялар басшыларымен жеке-жеке кездесті. Кәрі құрлықтағы мемлекеттің кіл мықты кәсіпкерлерімен сол жерде келісім де жасалды.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Франция инвестициялық форумына қатысты. Үстел басында отырғандар бірінен бірі асып түсетін қаржы капиталы миллиардттармен есептелетін бизнесмендер. Еркін форматта өткен басқосуда Президент еліміздегі инвесторлар үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биылғы тоғыз айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 12 пайызға өсті. Францияның Қазақстандағы Сауда өкілдігін құру ынтымақтастығымызды нығайтуға өз септігін тигізер еді деп санаймын. Біз оның тезірек құрылғанын құптаймыз. Сондай-ақ француз компанияларын еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамын. Қазақстан қауіпсіз және тұрақты инвестициялық орта қалыптастыруға кепілдік беретінін нық сеніммен айта аламын.
Францияға келген қазақстандық кәсіпкерлер біршама келісімдер бекітіп қайтты. Мәселен, Павлодар қаласында құрылыс материалдарын шығаратын зауыт француздардың технологиясын алып, тауар түрлерін көбейтетін болды. Ал, Балқаш көлінің маңында жаңартылған энергия көздерінің станциясы салынады. Теміржол инфрақұрылымына арналған электровоздар мен жабдықтар шығаратын француз компаниясы Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында сервистік орталықтар ашуды жоспарлап отыр. Жобаларын іске асыруға 50 миллион еуро инвестиция салуға ниетті. Бұдан бөлек тағы бір француздық компаниядан ұшақтар сатып алуға келісім жасалды.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
ЭЙРбаспен қарым қатынасымыз өте жақсы. Біз көп ұшақ алып отырмыз. Жиырма бесінші жылға дейін жиырма сегіз ұшақ алайын деп жатырмыз. Негізі 51 ұшақ аламыз. Жиырма сегізі Эйрбас болады, қалғаны БОИНГ болады. Жалғыз сонымен шектелмей, соны қарайтын сервис орталығын ашу керек.
Өндіріс пен өркениеттің өрістеуі – ғылыммен тығыз байланысты. Бұл бағытта да 22 құжатқа қол қойылды. Францияның политехникалық университетінің филиалы да Қазақстанда ашылатын болды. Мұндай көлемді келісім бұған дейін жасалмапты.