Дубайда Қазақстан мәдениетінің бір күні өтеді. Бұл туралы елордаға туризм саласындағы арнайы ынтымақтастық келісім жасауға келген БАӘ-нің туристік ұйым жетекшісі Лейла Раххал Эль-атфани мәлімдеді. Спикерге Қазақстан астанасы ерекше әсер қалдырған. Ол шаһарды туристік дестинация ретінде дамытуға әлеует мол деген пікірде. Лейла Раххал Эль-атфанидің қос мемлекеттік кәсіпкер әйелдердің арасында байланыс орнатып, түрлі іс-шара ұйымдастыру жоспарында бар. Сондай-ақ Қазақстанда да БАӘ-нің бір күні шарасын өткізбек. Оның айтуынша, ұқсас мәдени шара екі тараптың ынтымақтастығын одан әрі арттыра түседі.
Лейла Раххал Эль-атфани, БАӘ-нің туристік ұйым жетекшісі:
- Қазақстан – өте әдемі мекен, ал Нұр-Сұлтан – оның жүрегі. Мұнда көптеген іс-шара өткізуге болады. Туристерді елорданың сұлулығын тамашалау үшін әкелуді жоспарлап отырмыз. Біздің елден көптеген адам Қазақстанға қызығушылық танытатыны сөзсіз. БАӘ-дегі Қазақстанның Елшілігімен келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде Қазақстанның бір мәдениет күнін өткізуді жоспарлап отырмыз. Шараға мәдениетте, өнерде, шығармашылықта жұмыс істейтін әйелдерді шақыру көзделген. Олармен кәсіпкерлік тақырыбын талқылап, келісім жүргіземіз.
Авторы: Ақзер Сегізбай