Қ.Тоқаев Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты

Қ.Тоқаев Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты

Қазақстан ерекше мереке – Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы Елтаңба, Әнұран және Ту біздің халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі, әрі елдігіміздің айшықты белгісі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – мемлекеттік маңызға ие ортақ парызымыз екенін айтты. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулер енгізеді. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – Конституцияда бекітілген және азаматтардың патриотизмінің көрінісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Біз жаңа Конституциямызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары және бостандықтары басты құндылықтар деп жазылды. Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалды.

Биыл Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеді. Мемлекет серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті, деді Президент. Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Реформалардың жаңа кезеңінде барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсат төңірегінде шоғырлануы тиіс. Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Ұрпақтар сабақтастығын сақтауға баса назар аударамыз, деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады. Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орнықты дамуының негізінде ұлы тарихымыз, қазіргі сәт және жарқын болашақ арасындағы ажырамас байланыс жатқанын атап өтті. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Президент ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастағанын атап өтті. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары дамудың бұрын-соңды болмаған үлгісі мен тәсілдеріне жол ашты. Мемлекет басшысының былтырғы бастамасы нақты жүзеге асырыла бастады. Әскери оқу орындарының үздік түлектеріне бірден «аға лейтенант» шені бкерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік екенін, сондай-ақ нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенетінін атап өтті. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?