Көлік саласы Қазақстан экономикасы үшін жаңа өсім нүктесіне айналған салалардың бірі. Бұған еліміздің Азия мен Еуропа арасындағы жол желісінің байланыстырушы буынына айналуы оң ықпал етті. Бүгінде республикада автомобиль, теңiз, темiржол және әуе дәлiздерi белсендi дамып келеді. Қазақстанның транзиттік қуатын арттыруға ірі жобалар оң әсерін тигізуде.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы бірінші кезекте Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, сондай-ақ «Достық-Мойынты», «Бақты-Аягөз», «Дарбаза-Мақтаарал», Алматы айналма желісі сияқты ірі теміржол жобаларын іске асыруды тапсырған болатын. Ынтымақтастыққа да маңызды рөл беріледі.
Нұрлан Кеңесов, ҚР Көлік министрлігі департаментінің директоры:
– Қазақстанның транзиттік әлеуетіне және жалпы Орта дәлізге Қытай, сондай-ақ оңтүстік-шығыс Азия елдері, атап айтқанда Корея, Жапония, Тайланд тарапынан үлкен қызығушылық байқалады. Біздің көршілеріміздің бұл бағыттағы әлеуеті зор. Яғни Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан мен Өзбекстан елдері де Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен өнім жеткізе алады.
Деректерге сәйкес, соңғы 15 жылда Қазақстан көлік және логистика саласына 35 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Ал жүк тасымалдау көлемі 10 жыл ішінде шамамен 30%-ға еселенді. Қоймаларға сұраныстың артуынан олардың санын ұлғайтуға мүмкіндік берілді. Ендігі міндет – бүкіл ел экономикасының ауқымында көлік саласының үлесін арттыру.
Нұрлан Кеңесов, ҚР Көлік министрлігі департаментінің директоры:
– Егер ЖІӨ үлесіне келер болсақ, бүгінгі күні ол 6,1%-ды құрайды. Бұл ретте көлік және қоймалау бойынша ЖІӨ-нің 9% үлесіне қол жеткізуді мақсат етіп қоямыз. Егер теміржол мен автокөлікпен тасымалдау көлемі туралы айтатын болсақ, онда олар жиынтық көлемінде өткен жылы 600 млн тоннаны құрады. Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдар артып, 1,5% тең келді.