Қазақстан – инвесторлар үшін аса тартымды ел. Дегенмен қазір қаржы құюға ден қойғандар бұл ниеттерін уақытша тежейтін болады. Еуразиялық даму банкі мамандарының пікірі осыған саяды. Сонымен қатар қаржы ұйымының сарапшылары елдік тәуекел үшін сыйақының өскенін айтады.
Еске сала кетейік, былтыр ел экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны 3 млрд доллардан асып жығылған. Еуразиялық даму банкінің жалпы портфелінде Қазақстанның үлесі 36% астам немесе шамамен 4 млрд доллардан артық. Халықаралық қаржы ұйымының қатысуымен елде түрлі салада 88 ірі жоба іске асырылды және инвестициялар көлемін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Амангелді Исенов, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасының орынбасары:
- Әлеуетті инвестициялау тұрғысынан айтсақ, Еуразиялық даму банкінің жоспары сол бұрынғы күйінде қалды. Олар өзгертілмейді. Әрине, Мемлекет басшысы мәлімдегендей ақпан айының басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатын бағдарламаны күтеміз. Соның негізінде ғана қандай да бір түзетулер болуы мүмкін. Бірақ Үкімет пен біздің акционер көздеген бағыттан алшақтамайды. Жобалар пулын қайта қарамадық. Егер қайта қарайтын болсақ, онда тек өсу жағына басымдық беріледі.
Сонымен қатар сарапшылар бизнеске келтірілген залалды өтеу және жағдайды тұрақтандыру негізінде Қазақстан экономикасы 2022 жылдың үш айының қорытындысы бойынша өсімге қайта оралатынын атап өтіп, елдегі инфляцияның баяулауын болжайды. Желтоқсан айына қарай көрсеткіш Ұлттық банктің нысаналы дәлізінің жоғарғы шегіне дейін түсуі мүмкін. Бұл шамамен 4-6%. Бұған базалық мөлшерлеменің былтырғы көтерілуі және ел Үкіметі қабылдайтын шаралар ықпал ететін болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов