Қазақстан мен Германия арасындағы іскерлік әріптестік бағдарламасының іске қосылғанына – 15 жыл. Жобаның арқасында шетелде 700-ден астам қазақстандық кәсіпкер Германияда тағылымдамадан өтіп, өз ісін ары қарай дөңгелетіп отыр. Олар неміс бизнесімен серіктестік байланыстарды кеңейтіп, технологиялар, тауарлар мен қызметтер трансфертін жолға қойды.
Астанада іскерлік ынтымақтастық бағдарламаларын іске асыру қорытындылары бойынша кеңейтілген конференция өтті. Бағдарламаның негізгі бағыттары экологиялық технологиялар және жаңартылатын энергия көздері болып табылады. Бұл салалар Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығы жөніндегі мақсатына қол жеткізуде шешуші рөл атқарады.
Герлинд Хекманн, Германия Федералды экономика және климатты қорғау министрлігінің өкілі:
– Әлбетте, көптеген салаларды қамтимыз. Ауыл шаруашылығы болсын, жеңіл өнеркәсіп болсын. Жалпы экономиканың негізгі ережелерін де үйретуге тырысамыз. Одан бөлек, жаңартылатын энергия көздері саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен де тәжірибемізбен бөлісеміз. Жалпы алғанда Қазақстанға керек салалар бойынша білім беруге және барлық қажеттіліктеріңізді ескеруге тырысамыз.
Сондай-ақ, Жобаның тағы бір маңызды тұсы – жаңа келісімшарттар жасасу үшін жаңа мүмкіндіктер ашу. «Іскерлік байланыстар» бағдарламасына қатысушы Қазақстан мен Германия компаниялары арасындағы жыл сайынғы тауарайналым көлемі 5 млн евродан асып түседі. Тағылымдама қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойғандардың бірі – Ақнұр Ермашева.
Ақнұр Ермашева, кәсіпкер:
– Құжаттарымызды өткізіп, қатысып көрдік. Іріктеуден өткеннен кейін, Германияға, Берлин қаласына бардық. Бәрімізге белгілі, әлемдегі төртінші экономика болып табылатын Германияда өндірілетін өнімдер өте сапалы. Ең біріншіден, сол сапалы өнім сатқанда ғана тұтынушылар келе бастайды.
Жыл соңына дейін тағы қазақстандық ШОБ субъектілері Германияда экономикалық ынтымақтастық, «ақылды» ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі, жасыл технологиялар, сондай-ақ медицина саласы сияқты 5 арнайы бағдарлама бойынша бизнес-тәжірибеден өтеді.