Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері Франция іскерлеріне таныстырылды

Франция мен Орталық Азия аймағы арасындағы сауда-саттықтың 80% астамы Қазақстанның үлесінде. Тек биыл екіжақты алыс-беріс 45% ұлғайды. Бұл туралы Қазақстан Президенті инвестициялық дөңгелек үстелге қатысушылармен кездесуінде айтты. Мемлекет басшысы Франциядан тартылған тікелей инвестиция көлемі еселеніп, 900 млн долларға жуықтағанын да назардан тыс қалдырмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Энергетика әрқашан өзара ықпалдастықтың негізгі бағыты болып қала береді. Еуропа Одағына мұнай және уран жеткізуші ел ретінде Францияның энергетикалық дербестігін одан әрі қолдауға дайынбыз. Біз Қазақстанда француз өнеркәсібінің өкілдері көбірек болғанын қалаймыз. Өйткені, олар отандық өндіріске озық технологиялар әкеледі. Еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Ал, Францияның атом өнеркәсібінде тәжірибесі мол. Сондықтан, біз атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтаса аламыз.

Қазақстан мен Франция іскерлік қатынасы экономиканың кез-келген саласында маңызды. Байланысты бекемдей түсу қамында Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронды келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Ал, француз кәсіпкерлеріне 2025 жылдың мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуды ұсынды.

Қазақстан Президенті Францияға мемлекеттік сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді

Бұдан соң Қазақстан Президенті бірқатар кездесулер өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ең ірі атом электр станциялары операторының бас директорымен энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Люк Ремон Électricité de France «Қазатомөнеркәсіппен» өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай- ақ халықаралық ірі атом өнеркәсібі компаниясы - Orano S.A. басшысы Николя Масамен кездесті. Тараптар ғылыми-техникалық, сирек кездесетін металл өндіру мен өңдеу саласындағы серіктестікті нығайту мәселесін қарастырды. Кеме қатынасы компанияларының басшысы Родольф Саадпен кездесуде тараптар Қазақстанның көлік-логистикалық кешенін дамытуға баса назар аударды.

Әсел Күшенғалиева