Қазақстан мен Армения Президенттері келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Армения Президенттері келіссөз жүргізді

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Армения Президенті Ваагн Хачатурянды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.  

Мемлекет басшысы Армения Президентіне ілтипат көрсетіп, еліміздің қазақ-армян ынтымақтастығын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты. Бұған толық негіз бар. Екіжақты қатынастар барлық салада қарқынды дамып келеді. Биыл Қазақстан мен Армения арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толады. Тараптар бүгін бекітілетін уағдаластықтар өзара байланыстың нығая түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді. 

Қасым Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Құрметті Президент мырза, ең алдымен Қазақ еліне қош келдіңіз деп айтқым келеді. Ризашылығымды білдіремін. Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Мұны Сіздің Қазақстанға деген шынайы құрметіңіз деп бағалаймын. Сондай-ақ, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп санаймын. Бұл сапардың мән-маңызы зор. Біз қазақ-армян ынтымақтастығын жаңа денгейге көтеруге мүдделіміз. 

Тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайтуға мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапы Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Алматы алаңын алдағы уақытта да ұсынуға дайын екенін растады. Өз кезегінде Ваагн Хачатурян Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін жеткізді.

Ваагн Хачатурян, Армения Президенті:

– Қасиетті қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Қазақстанның даму және өркендеу қарқынына тәнті болдым. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар ұзақ жылдарға жалғасады деп сенемін. Өйткені оның тарихи тамыры тереңде жатыр. Қазақстан – біздің сенімді әрі достас серіктесіміз. Бұдан бөлек, екі ел арасындағы экономикалық байланыс табысты дамып келе жатқанын атап өткім келеді. 

Автор: Мәншүк Шымырбаева 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?