Қазақстанның ЕО елдерімен ынтымақтастығы кеңейіп келеді

Қазақстан мен кәрі құрлық елдері сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті. Оның әлеуеті «Қазақстан-Еуроодақ» диалогтық платформасының 15-ші отырысында талқыланды. Логистика келешегі де басты назарда. Бұл ретте тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірге дамытуға ниетті. Қазақстан қос құрлықты жалғайтын орта дәліздің аса маңызды торабы. Өзара сауда ағыны үшін еліміз барынша қолайлы жағдайлар ұсынады. Мәселен, біздің аумақ арқылы жүк жеткізу жағы бәсекеге қабілетті. Екі арадағы тасымал 12-15 күннің ішінде жүзеге асады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Еуропалық Одақ – Қазақстанның ірі, әрі аса маңызды инвестициялық және сауда серіктесі. Оның үлесіне тартылған инвестицияның 40% астамы және сыртқы сауданың шамамен 30% тиесілі. Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретінде саналатын Қазақстан әлемнің ірі нарықтарына жол ашады. Бүгінгі таңда біздің ел арқылы тауарлардың 85% жуығы Қытайдан Еуропаға тасымалданады. Жалпы, бізді Орта дәлізді одан әрі дамыту әлеуеті қызықтырады және біз Еуропа елдерімен логистикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз.

Бұл ретте Қазақстан мен Еуроодақ елдері арасындағы тауар айналымы соңғы 5 жылда 36% астам өскенін айта кету керек. Экспорт көлемі де осы шамада артқан. Әлеует бар. Биыл тек 5 айда өзара сауда 16% жуық өскен. Сондай-ақ, кәрі құрлықтан былтыр экономикамызға он жарым, ал, осы жылдың алғашқы тоқсанында 2,8 млрд доллар инвестиция тартылды.