Шардарада балық өнімдерінің экспорты артып келеді. Биыл 2 600 тонна балық алыс-жақын шет елдерге сатылды. Қазір өңірде балық шаруашылығымен айналысатын 5 зауыт бар. Олар жылына 4 мың тоннаға жуық өнім өндіреді. Дайын өнімнің 20% отандық нарықты қамтыса, қалғаны шекара асады.
Таңатар Есенбаев, технолог:
- Бұл жерде 9 түрлі балық өңдеп, Германия, Ресей, Израиль, Америка және тағы да басқа шет елдерге экспортқа шығарудамыз.
Өндіріс басшылығы балық шабағын Қарағандыдан тасымалдап, оны қолдан өсіреді. Мұндағы жасанды көлден жылына 350 тонна су жәндігі алынып, мемлекет тарапынан қомақты субсидия бөлінеді. Сондықтан кейінгі жылдары балық шаруашылығына қызығушылық артып отыр.
Өмірбек Рүстемов, Шардара аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Балықшыларға мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несиелендіру, инфрақұрылым жеткізу бағытына қолдау жасалған. Сонымен қатар балық өсіру жобалары да қолға алынуда. Оларға да несиелендіру, субсидиялау қарастырылып, бөлініп жатыр.
Бұған қоса балық шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға ауданнан жер учаскесі бөлінеді. Келесі жылы субсидиялау көлемі де ұлғайтылмақ. Соның нәтижесінде балық шаруашылықтары дайын өнімнің жылдық көлемін 10 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр.