Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдайтын тағы бір тетік іске қосылады. «Даму» қоры жеңілдетілген несие беруге арналған «Өрлеу» бағдарламасын әзірлеп жатыр. Оның аясында кәсібін дөңгелетем деушілерге жиыны 750 млрд теңге қарастырылады. Жаңа бағдарламаға микро, шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін 7 млрд теңгеге дейін, ал өндірісін кеңейтіп, айналым қаражатын толықтыруға 3 жарым млрд теңге беріледі. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов мәлімдеді.
Талғат Смағұлов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
-- Сыйақы мөлшерлемесі 12,6% аспайды. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру 10 жылға дейін, айналым қаражатына 36 айға дейін беріледі. Сонымен қатар, қайта қаржыландыру көзделген. Бірақ қайта қаржыландыру 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап берілген несиелерге ғана қарастырылады. Бағдарлама бойынша басым салалар қарастырылған. Олар өңдеуші өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру және денсаулық сақтау салалары.
Былтыр несиені субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен
шамамен 17 мыңнан астам бизнес жоба қамтылды. Отандық кәсіпкерлер 1 трлн теңге
кредитке мемлекет тарапынанн қолдау алды. 8 мың жобаға кепілдік берілді. Айта
кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің ел
экономикасындағы үлесі 40 процентке жуықтады.

