Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы айтарлықтай өсім көрсетті. Бұл ретте барлық салаларда қалпына келтіру динамикасы байқалады.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды. Қазақстанның Жалпы ішкі өнімі 0,7% құрады. Оған шикізаттық емес сектор ең үлкен үлес қосты. Рекордтық қарқынды өңдеу өнеркәсібі көрсетті, соңғы 4 айда оның өсімі 7,7% құрады. Қазақсттаның 13 өңірі оң нәтиже көрсетіп отыр. Көш бастап тұрған үштіктің ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Алматы облысы бар.
Сондай-ақ машина жасау, локомотивтер, электронды жабдықтар өндірісі, химия өнеркәсібі салалары да жоғары серпін көрсетті. Бұдан басқа, өндіруші емес салаларға инвестициялардың 32,3% артқаны байқалады. Бірінші кезекте, бұл өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс және ауыл шаруашылығы. Экспорт көрсеткіштері де қуантады. Биыл шетелге тауар жеткізу 11,5 млрд долларға дейін өсті.
Әсет Ергалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 19,7 млрд долларға жетті. Оның ішінде экпорт 11,5 млрд долларды құрады. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 15%өсіп, 4 млрд долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 8,2 млрд долларды құрады.
Жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық 7 макро көрсеткіші бойынша өсім Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы көрсеткенін атап өткен жөн. Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстары біршама артта қалды. Ал Батыс Қазақстан Облысы ең төменгі көрсеткіш көрсетті.
Авторы: Ақзер Сегізбай