Елдің батыс өңірлерін дамытуға 15,3 трлн теңге жұмсалмақ. Қаражаттың 1,7 трлн-ы республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров хабарлады. Осы қаржының есебінен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтсақ, Ақтөбеде баламалы энергия көздерін дамыту, цемент өндіру, ауылдарды газдандыру, жол салу, тұрғын үй және мектеп құрылысына басымдық берілмек. Атырауда жаңа индустриалды аймақ салынып, ауыл шаруашылығы нысандарын дамыту көзделген. Ақтауда жаңа мұнай-химия кешенін салу және басқа да іс-шаралар жоспарланған.
Аталмыш кешенді жоспарлар 2025 жылға дейін орындалуы тиіс. Бұл өз кезегінде 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражатты тартуға басымдық беріліп отыр. Бұл – өте құптарлық жайт. Ең бастысы өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезініп, болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы тиіс. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.