Биыл елімізде жолдардың 9,5 мың шақырымы құрылыс жұмыстарымен қамтылады. Оның 6,5 мыңы – республикалық желі. 3,7 мың км қайтадан жаңғыртылса, 2,8 мың шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланған. 2022 жылы былтырға қарағанда қолданысқа берілетін жолдардың ұзындығы үш есеге артық болмақ. Нәтижесінде бірінші және екінші санаттағы жолдар үлесі 40% асады. Яғни сапасы жағынан халықаралық талаптарға жауап береді. Жалпы бүгінде республикалық желінің 90, ал жергілікті маңызы бар жолдың 80% қалыпты жағдайға келтірілген. Көлік қатынасын жақсартумен қатар, жол бойындағы қызметтер сапасы артып келеді. Осы жылдың соңына дейін сервистік нысандардың 74% Ұлттық стандартқа сәйкестендіріледі.
Ғабит Шымырбаев, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- 3 900 километрдің 1 600 километрінде қозғалыс ашамыз. Ол – Талдықорғаннан Өскеменге баратын бағыттағы жол, сонымен қатар Ақтөбеден Атырау мен Астраханьға баратын жолдар, Қарағандыдан Балқаш, Балқаштан Алматыға шығып кететін жолдар. Осындай бағыттар бойынша жолдардың барлығы қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылатын болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов