Қазақстандық археологтар ежелгі металлургия орталығын тапты

Қазақстандық археологтар сенсациялық жаңалық ашты. Ақмола облысының Қошқарбай қонысында ежелгі металлургия кеніші табылды. Мамандар бұл маңайда табылған 20-ға жуық металл балқытатын пеш қола дәуірінде салынған деп отыр. Нысандар әлі күнге дейін жақсы сақталған. Әр пештің айналасында ағаштың күлін, түрлі қоспалар мен жартылай балқытылған тастарды да көруге болады.

Қуаныш Шақшақов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Бұл жерге радиокарбонды, радиоуглеродты сараптама жүргізу керек. Егер биоматериал шықса, ДНК жасату керек. Металл шығады ғой, әрине, бұл жерден. Металлографика анализдерін жасау керек.

Балқыту пештеріне жақын маңнан карьер де табылып отыр. Археологтардың пікірінше, ол жерде кен өндірілген болуы мүмкін.

Айта кетейік, Қошқарбай шатқалы бірегей тарихи-мәдени қорық саналады. Мұнда түрлі кезеңдегі 250-ден астам археология ескерткіші бар. Мәселен, биыл Красный яр елді мекені жанынан табылған Ботай мәдениетінің тағы бір тұрағы зерттеліп жатыр.

Жасұлан Үкеев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

- Тастан жасалған жебенің ұштары, еңбек құралдары табылып жатыр. Және де қоланы алғашқы игере бастаған кездегі қоладан жасалған еңбек құралдары табылуы мүмкін. Бірақ қыш ыдыстардың фрагменттері табылып жатыр.

Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер Алматы және Қарағанды қалаларындағы лабораторияларға зерттеуге жіберіледі. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері швейцариялық компаниямен экспонаттардың сараптамасын жүргізу туралы келісім жасасты.