Астанада Қазақстан стратегиялық
зерттеулер институтының қабырғасында «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты
ұжымдық монография таныстырылды. Басылымды жетекші сарапшылар мен
саясаттанушылар дайындады. Кітапта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
басшылығымен жүзеге асырылған Қазақстанның сыртқы саяси бағыты жүйелі түрде
талданған. Авторлар дипломатияның үш негізгі қағидатын атап өтіп, елдің
жаһандық сын-қатерлерге қалай бейімделетінін қарастырды. Қазақстанның
халықаралық ұйымдардағы рөліне, шет елдермен ықпалдастық бастамаларына және
ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Монография интернетте жарияланады және
барлығына қолжетімді. Ол еліміздің сыртқы саясатының стратегиялық бағытына
қызығушылық танытатын мамандарға, студенттерге арналған. Айта кетейік,
сарапшылар Қазақстанның орта держава ретіндегі рөліне және оның таяу
шетелдермен байланыстарына ерекше назар аударды.
Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:
- Халықаралық
жүйеде ірі державалар басым, бірақ ортаңғы державалар да әлемдік күн тәртібін
қалыптастыруға өз үлестерін қосуға және бейбіт құрылым бойынша өз бастамаларын
алға тартып, дипломатияны дамытуға тиіс, біз өз мақсаттарымызды бірінші кезекте
қоюымыз керек.

