Ел Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Халықаралық шарттары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мақұлданды. Төменгі палатаның депутаттары ұсынып отырған түзетулер қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген. Жоба 1969 жылғы 23 мамырдағы «Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясына» сәйкес келтіруге, сондай-ақ олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға бағытталған. Құжатта ең алдымен заңның бірқатар ұғымдық анықтамасы қайта қаралатын болады.
Айгүл Құспан, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Атап айтқанда «дәйектеу» ұғымына анықтама беру және редакцияда баяндау ұсынылады. Себебі халықаралық шарт мәтінінің тепе-тең түпнұсқалығын анықтау рәсімін жүзеге асыру арқылы, халықаралық шарттың мәтіні төлнұсқаға сай және түпкілікті болады. Заң жобасында «өкілеттіктер» ұғымының анықтамасын дипломатиялық арналар арқылы өкілеттіктер сертификатын жіберу мүмкіндігін орындау мақсатында кеңейту ұсынылады. Екіншіден заң жобасында ҚР Президенті қол қойған жағдайда халықаралық шарт жобасының мәтінін мақұлдау туралы нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау қажеттілігіне қатысты құқықтық олқылық жойылып отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов