Қазақстанның әлемдік нарықтарға жылына үш миллион тоннаға дейін балық өнімдерін шығару әлеуеті бар. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді. Ведомства басшысының дерегінше, бәсекеге қабілетті 17 отандық кәсіпорын қазір балық өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттай алады. Тағы 14-ті осындай құқыққа ие болу үшін өтінім берген. Сондай-ақ аспан асты еліне жеткізілетін қазақстандық балықтың көлемі артып келеді. Қытай тізіліміне 64 қазақстандық кәсіпорын енгізілді. Бұл ретте, қос тарап арасында ветеринариялық сертификат жасалды. Жалпы, елдің балық шаруашылығын дамыту үшін бірқатар заңнамалық түзетулер енгізу көзделген. Олар балық шикізатын қайта өңдеу мен салықтық жеңілдіктер енгізу сынды шараларды қамтиды.
Серікқали Брекешев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасының шеңберінде балық өңдеумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығын 70% төмендету көзделеді. Заң жобасы Парламент Сенатының қарауында. Сондай-ақ отандық шикізаттан алынған терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды енгізуді жоспарлап отырмыз. Тиісті заң жобасы Үкіметтің қарауында.
Сондай-ақ Серікқали Брекешев балықты салқындатылған және мұздатылған түрде экспорттауға тыйым салу мәселесі қаралып жатқанын айтты. Бұл балық өңдеу зауыттарының өндірістік қуатын арттыру қамында қолға алынған шара дейді, экология министрі. Ол елдегі су көздерінде балықтардың табиғи алуантүрлілігі мен тұқымын сақтап, қорын молайту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл ретте, алдымен броконьерлермен күреске басымдық беріліп, жауапкершілік күшейтіледі. Яғни, айыппұлды 20 дан 50 Айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту және 1 жыл ішінде заң қайта бұзылса, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылып отыр.