2025 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы анық
өсім көрсетті: 11 айда Жалпы ішкі өнім 6,4 процентті құрады. Жетекші салалар
көлік, құрылыс, тау-кен ісі өнеркәсіптері болды. Экономика өсіміне
инвестициялар да оң ықпалын тигізді. Қазақстан қаржы тарту бойынша Солтүстік
және Орталық Азияда көшбасшы ретінде танылды. Өңірдегі жаңа жобаларға
бағытталған барлық салымдардың шамамен 89% біздің елімізге тиесілі. Мұндай
мәліметтерді БҰҰ жанындағы Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық
және әлеуметтік комиссия келтіреді. Аталған ұйым сарапшыларының мәліметінше,
біздің еліміз 19 млрд. доллар тартып бірінші орынға шыққан. Қазақстан Ұлттық
банкінің деректері де жақсы динамиканы айғақтайды. Елге жыл сайын құйылып
жатқан тек тікелей шетелдік инвестициялардың өзі 20 млрд доллардан астам қаржыны құрайды.
Асқар Хамзин, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің
департаменті директорының орынбасары:
- 2025 жылғы қаңтар-қарашадағы негізгі капиталға салынған
инвестициялардың жалпы көлемі 18,5 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес
кезеңімен салыстырғанда 13,3 процентке көп. Инвестициялардың жалпы көлемінің ең
көп үлесін жылжымайтын мүлікпен жасалған операциялар алды, олардың үлесі - 19
процентке жуық, көлік және қойма ісі саласы - 17 процент, тау-кен өнеркәсібі -
14 процентке ие.
Ерекше назар аударарлық жағдай, шетелдік инвестициялар
шикізат секторына ғана емес, көлік, логистика, өнеркәсіп және қызмет көрсету
саласында да артып келеді. Бұған Kazakh Invest ұлттық компаниясының жұмысы -
жарқын мысал. Оның қолдауымен және әрі әрі сүйемелдеуімен 2 миллиард доллардан
астам шетелдік қаражат тартылған. 45 ірі инвестициялық жоба іске қосылды.
Ұсыныстардың басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке, атап айтқанда машина жасау мен
металл өндірістеріне, сондай-ақ Ауылшаруашылық өнеркәсібіне, яғни қосылған құны
жоғары өнім өндірісіне тиесілі болды.
Мадияр
Сұлтанбек, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары:
- Бірінші жартыжылдықта біз негізгі инвесторлар АҚШ, Нидерланды, Қытай, Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея, Франция, Таяу Шығыс елдері екенін көріп отырмыз. Экономиканың өңдеуші секторындағы жобалар мен инвестициялар үлесінің өсу қарқыны сақталуда. Тау-кен металлургия кешенінің, әсіресе мұнай-газ салаларының үлесі төмендеп келеді. Бұл инвесторлардың бірнеше жыл бойы қалыптасқан қарқынмен экономиканың өңдеуші секторларына қаржы салуын жалғастыратынын білдіреді.
Инвестицияларды арнайы
экономикалық және индустриялық аймақтар, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы
орталығы тартады. Оның көмегімен бизнес 6 млрд доллар инвестиция алған, бұл
өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сарапшылардың пікірінше, әлемдік шикізат нарықтарының
әлсіреуіне және геосаяси шиеленістің күшеюіне қарамастан, Қазақстан экономикасы
2025 жылы өсу қарқынын сақтап отыр. Демек, елдің инвестициялық тартымдылығы да
сақталады. Сарапшылар елге келетін капиталдың тұрақты ағынын Қасым-Жомарт
Тоқаевтың тиімді реформаларымен байланыстырады. Сарапшылар бұл реформаларды
«Президент Тоқаевтың инвестициялық циклі» деп атады. Ол үкіметтің белсенді әрекетін,
шешім қабылдауды жеделдетуі және шетелдік капиталды экономиканың шикізаттық
емес секторларына қайта бағдарлауды қамтиды.

