Қазақстанның 2024-ші жылғы мәдени жетістіктері мен спорттағы жеңістері

Қазақстанның 2024-ші жылғы мәдени жетістіктері мен спорттағы жеңістері

Жарқын жетістіктер, жеңістер және есте қаларлық премьералар. Мәдениет пен спорт саласы биыл осындай ауыз толтырып айтарлықтай оқиғаларға толы болды. Қазақстандық өнерпаздар, режиссерлер мен спортшылар өздерінің ерекше таланттарын тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің мәдени мұрасының алуан түрлілігі мен байлығын жаһанға кеңінен паш етті. Қазақ өнері әлемге әйгілі Венеция биенналесі, Париждегі ГимЕ Азия өнері мұражайы сияқты арт-алаңдарда ұсынылды. Ал, Франкфурт кітап жәрмеңкесінде республикамыз өзінің баспа өнімдерін сәтті таныстырды.

Рустам Әли, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі комитетінің төрағасы:

- Қазақстанның «Frankfurter Buchmesse» жәрменкесіне қатысуы тарихи оқиға. Біз өзіміздің мәдени мұрамызды ғана емес, классиктер және жас авторларымыз бен баспагерлерімізді де таныстырамыз.

Биыл Мәдени дипломатияның маңызды бөлігі ретінде Қазақстан мәдениет күндері Тәжікстан мен Түрікменстанда өтті. Сонымен қатар Қазақстанның шетелдегі имиджін қалыптастыруда отандық киноөндіріс те маңызды рөл атқарды. Мәселен, отандық режиссер Данияр Саламаттың «Ажырасу» кинотуындысы 26-шы рет Шанхайда өткен «Алтын кубок» халықаралық кинофорумында үздік деп танылды. Ал, Режиссер Асхат Кучинчерековтың «Бауырына салу» атты картинасы Францияда ұйымдастырылған фестивальде қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленіп, ел абыройын асқақтатты. Айта кетейік, бұл туынды келер жылы «Оскар» сыйлығына ұсынылды. 2024-ші жылдың айтулы оқиғаларының бірі – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болды. Байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды әлемге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалды.

Симона Мирела Микулеску, ЮНЕСКО бас конференциясының төрағасы:

- Барлығымыз да ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл игі істе жастардың рөлі айрықша. Сондықтан, мен жарқын болашақ - жас ұрпақ өкілдерін мәдени және рухани мұраларыңызды  сақтауға, қорғауға, бағалауға және сүюге шақырамын.  Бұл ретте дәстүрлі спорт түрлерінің де орны ерекше деп санаймын.  

Биыл Парижде өткен 33-ші Жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетті. Олар ел қоржынын 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен майлады. Төрткүл дүние тартыстарының алғашқы күнінде Елдос Сметов дзюдодан ел тарихында тұңғыш рет алтын медаль жеңіп алды. Ал, спорттық гимнастикадан Қазақстанға алғашқы жеңісті Нариман Құрбанов сыйлады. Парижден рекордтық 9 медаль еншілеп, соның ішінде 2 алтынмен елге паралимпиадашыларымыз да оралды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?