Қазақстанға Тәжікстаннан суару маусымында 500 млн текше метрге жуық су жіберілді

Қазақстанға Тәжікстаннан суару маусымында 500 млн текше метрге жуық су жіберілді

Орталық Азия елдері арасындағы су ынтымақтастығы дамып келеді. Қазақстан Тәжікстаннан ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға 500 млн текше метрге жуық су алды. Бұл осы жылға жоспарланған көлемнен 45 млн текше метрге артық. Тіршілік көзі «Достық» мемлекетаралық арнасы арқылы жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірден бастап біздің елге Өзбекстаннан Сырдария өзені арқылы 4 млрд текше метрден астам су жөнелтілді. Бұдан бөлек, Қырғызстан мен Қазақстанға Шу өзені бойымен 180 млн текше метр және Талас өзенімен 2 есеге көп су жіберу туралы келісімге қол қойылды. 

Алмас Мұсабеков, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқармасының басшысы:

– Оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету үшін министрлік көрші елдермен белсенді ынтымақтастықта. Және Тәжікстан, біздің еліміз үшін Орталық Азияның барлық мемлекеттері сияқты маңызды серіктес. Сондықтан министрлік су ресурстарын басқару және оларды сақтау мәселелері бойынша бірлескен жұмысқа баса назар аударады.