Коронавирусқа қарсы екпе алғысы келетін қазақстандықтар үшін енді «CoronaVac» вакцинасы қолжетімді болады. Бұл – Қытайда жасалған препарат. Оның 500 мың дозадан тұратын алғашқы партиясы Алматыға арнайы бортпен жеткізілді. «CoronaVac» – коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға арналған төртінші препарат. Вакцинаның құрамында инактивирленген антиген бар. Ол 14-28 күн аралығымен екі рет егіледі. Препарат 18 жастан асқандарға арналған.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
- Бұл – бірінші жеткізілімі. Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінен Қытай технологиясы бойынша жасалған «Синовак-Хаят» препараты жеткізілгенін білесіздер. Бүгінде елімізде «Синовак-Хаят», «CoronaVac», «Спутник V», «QazVac» вакциналары қолданылады.