Қазақстандық ғалымдар маймыл шешегін анықтайтын ПТР-тест әзірлеуде

Маймыл шешегін жұқтыру жағдайларын анықтауға арналған  ПТР - тест-жүйесі Қазақстанда жасалады. Отандық ғалымдар жұмысқа кірісіп кетті. Еске сала кетейік, қатерлі дерт қазір әлемнің бірнеше елінде тіркеліп, жаһандық деңгейде тарап барады. Қазақстанның аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығының мамандары үшін бұл алғашқы тәжірибе емес. Отандық ғалымдар шетелдік баламаларынан еш кем түспейтін коронавирусты жылдам әрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін ПТР сынама жүйесін жасап шығарғаны мәлім. Олардың айтуынша, COVID сынды маймыл шешегінің де ел аумағында таралуын тежеп, қаупін сейілтудің бірден бір жолы – ауруды дереу әрі ерте бастан анықтау. Бұл қатерлі кеселге шалдыққандар және олармен байланыста болғандарды оқшаулап, сауығуына қажетті емді уақтылы алуға мүмкіндік береді. Отандық жаңа жүйе алдағы айларда кең қолданысқа шығады деп күтілуде.

Галина Ковалева, М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы Бас директорының орынбасары:

– Қазір зондты праймерлер әзірленіп жатыр. Оң нәтижені алу өте қиын процесс, сондықтан біраз уақытты қажет етеді. Тест жүйесін пайдалану үшін оны апробациялаудан және Қазақстан Республикасы медициналық мақсаттағы бұйымдар тізімінен тіркеуден өткізуіміз керек. Содан соң үшінші тоқсанда, шілде-тамыз айларында дайын өнімге қол жеткізе аламыз. Сондай-ақ, біз маймыл мен табиғи шешек вирусына арналған екі тест жүйесін шығаруды жоспарлап отырмыз.

Маймыл шешегіне шалдыққан науқастар бүгінде әлемнің 20-дан астам елінде тіркелді. Бұл тізімде Қазақстан жоқ. Еліміз ресми түрде маймыл шешегі бойынша эпидемиологиялық қолайлы аймаққа жатады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл дерттің асқыну қаупі жоғары. Дер кезінде анықтамаса, науқастың емі қиын жүреді. Сондықтан, мамандар ертең сан соғып қалмас үшін ауру белгілері байқалысымен бірден сынақ тапсырған дұрыс деген кеңес береді.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов