Қазақстанға келуші саяхатшылар саны артады. Жылдың соңына дейін елімізге 700 мың шетелдік турист келеді. Мұндай болжамды Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі жасады. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, апта сайын Республикаға 11 мыңға жуық шетелдік қонақ келеді. Бұл – Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қытай және Оңтүстік Корея тұрғындары. Ал алдағы уақытта Иран мен Үндістаннан келетін саяхатшылар саны артуы мүмкін деген болжам бар.
Қазақстан жақын күндері аталған екі мемлекеттің және Аспан асты елінің азаматтары үшін визасыз режим ашқанын айта кеткен жөн. Егер бұрын оларға Қазақстан аумағында 72 сағат бойы визасыз болуға рұқсат етілсе, қазір бұл мерзім бірден екі аптаға дейін ұзартылды. Елімізде қазіргі таңда визасыз режим 77 мемлекеттің азаматтарына қолданылады және бұл елдер санын 100-ге жеткізу көзделген. Осы және басқа да шараларды ескере отырып, Қазақстанда алдағы үш жылда туризм саласының экономикаға үлесі 8 процентке дейін көтеріледі.
Дастан Рыспеков, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
– Жыл соңына дейін ішкі туристердің саны 8 миллион адамға дейін жетеді деп ойлаймыз. Бұл көрсеткіш біздің 2025 жылға дейін қойған жоспарларымызға жақындап келеді. Соңғы екі жылда туристердің ең көп баратын бағыты өзгеріссіз, оның біріншісі Щучинск-Бурабай, Маңғыстау курорттық аймақтары және Түркістан қаласы. Ал Ұлттық парктерге келетін болсақ, биыл онда біз екі миллионға жуық туристер келеді деп күтудеміз. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25-27 процентке артық. Сондай-ақ туристердің бүгінде тарихи-мәдени орындарға қызығушылығы артып келеді.