«Пандемия кезінде мектептерді жапқанымыз дұрыс болмады». Лондонда өткен Бүкіләлемдік білім форумында сөз алған сарапшылар осындай тұжырым жасады. Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылған жиынға қазақстандық делегация да қатысып, ковидтен кейінгі білім беру жүйесін жетілдіру жолдарын талқылауда. Әлемнің 115 елінен жиналған сарапшылар білім беру сапасы мен инклюзивтігін арттыру бойынша жаңа ұсыныстарымен бөлісуде.
Эрик Лори, Британ кеңесінің Қазақстан және Орталық Азия бойынша директоры:
– Бұл білім саласының бірінші басшыларымен тәжірибе алмасып, байланыстар орнатудың бірден бір мүмкіндігі. Маңыздысы - бір-бірімізден үйреніп, жетістіктерімізді салыстыруға жағдай жасалып отыр. Бұл басқосу, әсіресе, ковидтен кейін өте ерекше мәнге ие болып тұр. Өйткені пандемия кезінде көптеген мемлекеттердің білім жүйесінде сапа түсіп кеткені рас
Қазақстан пандемия кезіндегі білім сапасының деңгейіне ЮНИСЕФ-пен бірге талдау жасады. Әзірге оның қорытындысы әзір емес. Алайда алғашқы нәтижелері көңіл көншітпейді дейді сарапшы.
Мағжан Аманғазы, «Ақпараттық-талдау Орталығы» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы:
– Мұғалімдерден сауалнама алып бастадық. Сол сауалнамалардың алғашқы нәтижелеріне қарасақ мұғалімдер пандемия кезінде балалардың білім сапасы төмендеді деген жауаптарды бізге беріп жатыр. Екінші бағыт оқушылардың нақты оқу жылы кезінде алған бағаларын пандемияға дейін, пандемия кезінде және пандемиядан кейін, осы үш уақытта алып салыстырып, жақын арада алатын боламыз.