Қазақстандық жиһангез төрт жылда жер шарын жаяу аралап шықпақ

Қазақстандық жиһангез Ресей, Моңғолия, Қытай елдерін жаяу шарлап, 3 айда 3 мыңға жуық шақырымды бағындырды. Осылайша, 74 жастағы отандасымыз Сәрсенбай Қотырашов жер шарын жаяу аралаудың тағы бір кезеңін аяқтады. Еске салайық, қарт саяхатшы 2 жыл бұрын әлем кезуге аттанған. Сапары туған елін аралаудан бастау алды. 6 айда әр өңірге соғып, 8 мың шақырымды артқа тастады. Былтыр тағы шекара асып, Ресей, Грузия мен Түркияның керемет көріністеріне қанығып қайтты. Онда марафоншы 100 күнде 3 мың шақырымды еңсерді. Қазір жиһангез әлемнің өзге де құрлықтарын бағындыруға қамданып жатыр. 

Сәрсенбай Қотырашов, саяхатшы:

– Келесі жылы Стамбулға ұшып барып, сол жерден әрі қарай Еуропаны аралауды жалғастырамын. Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция осы соңғы елден ұшақпен ұшып Америка Құрама Штатына қонып, Атлант мұхиты жағалауынан Тынық мұхиты жағалауына дейін жаяу жүріп өтемін. 

Сәрсенбай Қотырашов, талай археологиялық экспедицияларға қатысушы   және мыңдаған көне жәдігерді қалпына келтірген тәжірибелі реставратор. Содан болар жолшыбай кезіккенге төл тарихымыз бен ұлттық құндылықтарды насихаттайды.    

Сәрсенбай Қотырашов, саяхатшы:

– Бұл жүрген жолымды мақтаныш қылып, атағым мен данқымды шығару үшін рекорд жасау емес, Ұлтымның алдында өзімнің азаматтық борышымды өтеу, жиған рухани байлығымды жастарға беру. Мен кітаптан оқығанымды, елдің аузынан естіген әңгімемді айтпаймын, көзбен көріп, қолымен ұстаған тарихты дәлелдеп айтамын. 

Қазақстандық жиһангез дүние жүзін жоспарланған бағыттармен аралап шықан соң, Түркі елдерінің әрбіріне аялдап, қасиетті Меккеге жаяу жетуді мақсат тұтып отыр.