Қазақстанда өсімдіктің жаңа түрі табылды. Оны Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары ғылыми экспедиция кезінде анықтады. Сапар барысында мамандар Атырау облысы Индер ауданының табиғи кешенінің гео және ботаникалық экожүйесі мен биогеографиялық зерттеулерін жүргізді. Нәтижесінде астрагал тұқымдас гүлді анықтады. Жақын арада зерттеушілер оны толық зерттеумен айналысады деп жоспарлануда.
Сала мамандары атап өткендей, бұл жаңалық отандық ғылымға ғана емес, әлемдік ғылымға да айтарлықтай үлес қосары анық.
Қажымұрат Ахмеденов, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің проректоры
– Бұл түрдің ерекше құрылымы болуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ ерекше түрде мамықтанады. Шұбар астрагал мен қысқа қалақты астрагал арасында өтпелі белгілері бар. Сондықтан бұл осы өсімдіктердің жаңа түрі деп есептейміз. Гүлге ғылыми зерттеу жүргізуге шамамен екі-үш жыл кетеді. Егжей-тегжейлі тәжірибе жүргізілгеннен кейін, сарапшылармен келісіп, терең морфологиялық және генетикалық талдау жасап барып, біз осы түрге атау беріп, оны өсімдіктердің әлемдік дерекқорына енгізе аламыз.