Қазақстанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық саябақ құрылысының екінші кезеңі қарқын алды. Қазіргі таңда киелі мекенді мұражайға айналдыру қамындағы тарихи және сәулет ескерткіштерінің негізгі аумағының үстінде күмбездер орнатылып жатыр.
Айта кетейік, бірінші кезең Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің негізгі кіреберісін абаттандыру жұмыстарын қамтыды. Орталық бөлікте амфитеатр бой түзеп, мүсіндер мен субұрқақтар орнатылды. Әрбір кезеңнің құрылысы бастан-аяқ ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларымен келісіледі. Жобаның өзі ұйымның қамқорлығымен жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – еліміздің мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау.
Зулпыхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары:
– Осы жерде бүкіл әлемнің туристері көретін музейдің жұмыстарын бастап жатырмыз. Осы жерде көптеген экспонаттар баяғы заманда жазба болған екен, письменность дейді Кангюй империясының. Сол кезде болған тарихшылар, археологтар ашып жатқан осындай өзіміздің тарихи байлықтар болып тұр. Осыны біз осы жылы бастап, осы жаздың аяғында күрделі жұмыстарды жасап, осы көрермендерге көрсету үшін, ашуға жұмыс істеп жатырмыз.
Өткеннен сыр шертетін саябақтың қонақтары басқа да сәулеттік нысандарды тамашалай алады. Мұның нәтижесінде Түркістан шаһарының түрлі тарихи кезеңдердегі кейпімен жақынырақ танысу мүмкіндігі жасалмақ. Мамандар бұл бірегей туристік нысан ересектермен қатар, балалардың да қызығушылығын тудыратынына сенімді. Болашақта барлық ақпарат сандық үлгіге көшіріледі. Осылайша саябақ қонақтарына озық IT технологияларының көмегімен өткенге саяхаттау мүмкіндігі туады.
Жеңіс Ермұқанов.