Тағы бір қазақстандық өнертабыс шетел нарығын бағындырмақ. Алматылық жас кәсіпкер Бағлан Олжабаев бастаған топ ойлап тапқан мобильді қосымша АҚШ тарапынан қызығушылық тудырды. Онлайн алаң көлік иелері мен бірге автошеберлер үшін әзірленген. Жоба жолдағы кез-келген күтпеген жағдайды жедел шешуге бағытталған. Мәселен, электронды тұғырнама арқылы темір тұлпар дөңгелегін ауыстыру сынды түрлі көлік ақауларын қалпына келтіру үшін эвакуаторды немесе электромеханикті шақыруға болады.
Бағлан Олжабаев, мобильді қосымша авторы:
– Қазір біз жоспарлаған мақсаттарға жету үшін жұмыс жасап жатырмыз. Жобаны шілде айының соңына дейін іске қосып, бизнесті бастап кету керек. Қазір соңғы пысықтаулар жүріп жатыр. Жобамызды алдымен Калифорния мен Техаста ендіріп, кейін Лос-Анджелес нарқын бағындлыру көзделген.
Команда қосымшаны үш жыл бойы 2017 ден 2020 жылға дейін әзірледі. Болашақта оны бірқатар жаңа функциямен толықтыру көзделуде. Жақын уақытта онлайн кеңес беру қызметі қосылмақ. Яғни, жүргізуші кенеттен сыр берген темір тұлпарын арнайы автостанцияларға сүйремей-ақ, шеберлердің қашықтан берген нұсқаулықтарына сүйеніп өздігінен жөндей алатын болады.
Бағлан Олжабаев, мобильді қосымша авторы:
– Ұялы қосымшаға кіріп, бас парақшаның үстіңгі жағындағы стористерге басасыз. Ол жерде көлікті жөндеу ақысын бағалау функциясы қарастырылған, 30 секундтық видеоға немесе фотоға түсіруге мүмкіндік бар. Түсіріп, шеберге жібересіз. Олар қарап, бағалап, қанша уақыт қажет екенін айтады. Ал төменгі жағында шеберді шақыру функциясы бар. Қай жерде жүрсеңіз де, ол көмекке келеді. Сондай-ақ, қарапайым пайдаланушының табыс табу мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, мен автоконсьерж немесе бензин жеткізу қызметін көрсете аламын. Көлігім болса, курьер болуға болады. Эвакуатор көлігім болса, сәйкес қызметтер көрсетуге болады.
Айта кетейік, бүгінде 6 мың автокөлік иесі және 800 жүз шебер мобильді қосымшаны белсенді пайдаланып жүр.