Қазақстан мен
Түркия сауда көлемін 15 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Алыс-беріс өнім түрлерінің
әралуандығы есебінен де, өзара қаржы салымын ұлғайту есебінен де арттырылмақ.
Экономикалық әрі инвестициялық ынтымақтастық стратегиялық мәнге ие, деді
Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмаз отандық және шетелдік БАҚ-қа берген
сұхбатында. Екіжақты қарым-қатынасты тереңдетудегі бірегей фактор - логистика.
Каспийдегі сауда флотын ұлғайту және кедендік рәсімдерді жеңілдетуге басымдық
беріледі.
Джевдет Йылмаз,
Түркия Вице-президенті:
- Түркия,
Қазақстан, Әзірбайжан және Грузияның қатысуымен Орта дәлізді күшейту жоспарланған.
Қазіргі таңда бұл бағыт жаһандық сұранысқа ие. Тағы бір негізгі саланың бірі -
Энергетика. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз. Қазақстандық
мұнайды әлемдік нарыққа шығаруға Әзірбайжан мен Түркияның рөлін арттыру
мәселесі қаралып жатыр. Бұған қоса, түрік энергетикалық компанияларының
Қазақстанда барлаудан өндіруге дейін неғұрлым белсенді қызмет атқаруы
жоспарланып отыр.
Құрылыс
саласында да айтарлықтай әлеует бар. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Түркия 30
млрд доллардан астам сомаға ортақ жобаларды жүзеге асырған. Бұл жұмыс жалғасады,
деді Джевдет Йылмаз. Түркияның вице-президенті елдер арасындағы гуманитарлық
байланыстардың маңыздылығын да атап өтті.
Джевдет Йылмаз,
Түркия Вице-президенті:
- Біз
Қазақстандағы түрік мектептерінің санын арттырғымыз келеді. Бұл бағытта оң
өзгерістер орын алуы мүмкін. Сондай-ақ біз Түркістанда жұмыс істейтін Қожа
Ахмет Яссауи атындағы университетті мақтан тұтамыз. Бүгінде оның 100 мыңнан
астам түлегі мен 12 мыңға жуық студенті бар, бұл жоғары деңгейдегі оқу орны.

