Астана халықаралық форумы озық бастамалар мен тың идеяларды дамытудың бірегей алаңы

Астана халықаралық форумы озық бастамалар мен тың идеяларды дамытудың бірегей алаңы

Астана халықаралық форумы озық бастамалар мен тың идеяларды, көпжақты диалог пен ынтымақтастықты дамытудың бірегей алаңына айналды. Еліміздің астанасында өткен іс-шара энергетика және инновациялар саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, тәжірибе алмасып, шеберлік бөлісудің кезекті маңызды қадамы болды. Бұл туралы танымал фин компаниясының вице-президенті айтты.


Кеннет Энгблом, Wärtsilä компаниясының вице-президенті, Финляндия:


- Бұл форумда біз Қазақстанның энергетикалық саласының түрлі өкілдерімен кездестік. Осы сала министрімен жүздесу аса нәтижелі болды. Қазақстанның жасыл энергетика саясатына көшуін тағатсыздана күтеміз. Елдің баламалы қуат көзі бағытындағы даму қарқыны жақсы. Алдағы жоспары да көңіл көншітеді. Мен қазір жаңартылатын энергия үлесін 2030 жылға дейін 15%, ал 2050 жылға қарай 50% жеткізу мақсаты туралы айтып отырмын.


Ал, италиялық инвесторлар Қазақстанда өз өндірісін ашуға ниетті. Еуропалық ел компанияларының бірі турбиналар жасайды. Олар қазірдің өзінде Алматы үшінші жылу электр орталығының құрылысына білек сыбана кірісіп кеткен. Компания өкілі Паоло Арригеттидің пікірінше, елімізде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалған.


Паоло Арригетти, Ansaldo Energia компаниясының өкілі, Италия:

- Біздің мақсатымыз – Қазақстанда өз кәсібімізді дөңгелету. Ол үшін тұрақты өкілдік құрып, өндірісімізді қолдауға қабілетті жергілікті жеткізу тізбектеріне сүйенетін боламыз. Бұл кәсіпорындар арасындағы сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қазақстан үкіметі соңғы онжылдда елдің Орталық Азиядағы тиімді географиялық орнын ұтымды түрде кәдеге жаратып, көрші мемлекеттерге «қақпа» болу үшін үлкен жұмыс атқарды. Осы орайда Қазақстанмен іскерлік байланысымызды одан әрі нығайтуға үлкен қызығушылықпен қараймыз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?