Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Биылғы пәндік олимпиадалардың аралық қорытындысы бойынша еліміздегі 23 қатысушының 21 оқушысы жүлделі орындарға ие болды. Оқушылар математикадан – 6, физикадан – 5, географиядан – 2 және биология мен химиядан – 4 жүлде алды. Халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздарына ақшалай сыйлық берілмек. Осылайша, мектеп оқушылары 4 жарым миллион теңгеге дейін сыйақы алып, сондай-ақ ҰБТ тапсырмай-ақ жоғарғы оқу орнына грантқа түсу мүмкіндігіне ие болады.