Ұлттық мұражайда Хасен Абаевтің жеке көрмесі ашылды

Ұлттық мұражайда қазақ бейнелеу өнерінің хас шебері Хасен Абаевтің жеке көрмесі ашылды. Мәдени шара саналы ғұмырының 62 жылын  көркем өнерге сарп еткен суретшінің 80 жылдық мерейтойына орайластырылған. «Ғажайып мекен» деп аты айтып тұрғандай мұнда оның ел тарихынан сыр шертетін 200-ге тарта еңбегімен танысуға болады. Сегіз қырлы бір сырлы қылқалам шеберінің кескіндеме, графика және мүсіндік туындылары қойылған. Дені - ел иглігі, халық қамы үшін күрескен қоғам қайраткерлерінің тұлғасын ашатын бейнелік жұмыстар. 

Хасен Абаев, суретші, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері:

– Қасым Аманжолавтан бастадым, Қасым ағамыздың өміріде тағдырыда қиын болған. Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Сәкен Сейфуллинге арнап көп туындылар жасадым. Біздің міндетіміз осыны келесі ұрпаққа қалдыру. Соны қадағалап, бақылап жақсы оймен, жақсы көзбен қарау керек. Өйткені әрбір жұмыстың өзінің философиясы бар.

Өсербай Шоранов, суретші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

–  Қазақ бейнелеу өнеріне үлкен үлесін қосқан суретші. Бұл кісі кезінде графика, балалар кітабы саласында үлкен жұмыстар жасады. Бұрын көрмеген соңғы кезде жазылған жұмыстарын көріп отырмын. Бұл кісінің өзінің қолтаңбасы бар. Үлкен ой салатын бір ерекше қасиеттері бар.     

Хасен Абаев отандық баспа ісінің ұлттық нақышқа негізделген жаңа бетін ашқан. Кітап безендіру ісіне қатысты 18 тырнақ алды жұмысы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Жапонияда көрсетіліп, әлемді мойындатты. Бірқатар еңбегі Ресей, Украина Молдова, Португалия, Франция, Испания, Германия, АҚШ және Мысыр елдерінің музейлеріне қойылған. 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов