Астанада 16 АІ-стартап таныстырылды

Астанада 16 АІ-стартап таныстырылды

Астанада медицина, білім беру салалары мен Deep Tech және жасанды интеллект бағытындағы 16 технологиялық шешім таныстырылды. Елордада стартапшыларды қолдауға бағытталған бизнес-инкубация бағдарламасының соңғы кезеңі - NURIS Demo Day өтті. Олардың арасында Math Galaxy  AI-платформасы бар. Бірегей жүйе компьютерлік көру технологиясы мен жсанды зейін мүмкіндіктерінің негізінде құрылған. Ол мұғалімдерге көмекші құрал ретінде қызмет атқарады. Яғни, арнайы алгоритмдердің көмегімен оқушылар мен студенттердің емтихан және бақылау жұмыстарын тексереді. Өнертабыс иелерінің айтуынша, жүйе қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерді танып, қателерді анықтауға қабілетті. Оның нәтижесі ұстаздың нақты бағаларымен 99% сәйкес келеді. Әзірлеушілер мұндай заманауи шешім мұғалімдерге түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, оқу үрдісін дербестендіруге септігін тигізетініне сенімді.


Ғалижан Толыбаев, Math Galaxy AI-платформасының негізін қалаушы:


- Қазір негізгі мәселе мұғалімдерге жүктелген жұмыстың тым көптігінде. Олар үй жұмыстары мен емтихандарды тексеріп шамадан тыс жұмыс істейді. Бір мұғалімге шамамен 200-300 оқушы, студент келеді. Біз аталған үрдістерді оңтайландыратын  қосымша әзірледік. Ол бірнеше сағат жұмсалатын істі бірер минутта тындырады.


Бүгінде жасанды интеллект денсаулық сақтау саласына да белсенді түрде енгізілуде. Стартап mendiSkin онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтауға  бағдарланған. Әзірлеме пайдаланушыларға өздігінен мобильдік қосымшаның көмегімен терінің жай-күйін бағалауға, ал дәрігерлерге пациенттерді талдау және мониторингілеу үшін қосымша құрал ретінде қолдануға арналған. Қазір жоба авторлары технологияның клиникалық сынақтарын және АІ-модельдің дәлдігін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.


Сымбат Баяхметова, Mendiskin жобасының негізін қалаушы:

- Модельді оқыту үшін біз арнайы дерматоскопқа түсірілетін және ауруханаларда сақталатын фотосуреттерді жинап, сараптаймыз.  Біз қолданатын фотосуреттердің өзі және жалпы пациенттердің деректері, қорғалған. Жалпы республикамыздағы медициналық мәліметтер үшін қойылатын талап -олар қазақстандық серверлерде сақталуы тиіс. Біз осы ережені ұстанамыз. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?