Өзбекстан Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытуда. Қазірдің өзінде көрші мемлекеттің бизнесмендері 6 қазақстандық жобаға қатысуда. Олардың ішінде жылыжайға арналған инновациялық шамдар, ветеринарлық пробиотиктер бар. Навои еркін экономикалық аймағы дирекциясының басшысы Хабиб Абдуллаевтың айтуынша, Өзбекстанды су мен электр энергиясын үнемдейтін және балама көздерді пайдаланатын технологиялар қызықтырады. Бұл салада Қазақстан әлдеқайда алда. «Жергілікті фермерлер өз шаруашылықтарында ондай әдістерді барлық жерде қолданып келеді», - дейді сарапшылар.
Хабиб Абдуллаев, Навои еркін экономикалық аймағы дирекциясының бас директоры:
- Өзбекстан соңғы бірнеше жылда ғана әлемге толықтай ашылды. Бұған дейін біздің экономика жабық болатын. Бұл салада әрине, Қазақстан бірнеше қадам алда келеді. Өйткені Қазақстанда либерализациялау, инвестициялық ахуалды жақсарту үдерістері ерте басталды. Сондықтан біз де көбіне Қазақстанның жоспарымен жүріп келеміз және бұл іс бізді одан әрі тығыз байланыстырады. Қазақстандық компаниялар өз шешімдерін бізге экспорттай алады. Ал жерсіндіруге келсек, бұл – екінші деңгейдегі сұрақ. Маған олар өте прогрессивті және ең бастысы сұранысқа ие болып көрінеді.
Авторы: Ақзер Сегізбай