Қазақстанда қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған мың жарымға жуық адамға рақымшылық жасалады. Сенат осыған негіз болатын заңды қабылдады. Теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар мен жаза мерзімі бір жылдан аспайтын тұлғалар толық босатылады. Темір торға тоғытылып, бірақ жазасын өтеп үлгергендерден соттылық алынады. Ауыр қылмыстар үшін тағайындалған мерзімнің төрттен үші, аса ауыр қылмыстар бойынша жартысы қысқарады. Жалпы қаңтар оқиғасы кезінде қылмыс жасаған 1600-дей азамат анықталып, мыңнан астамына қатысты үкімі шығарылды. Басқа істер әлі тергеліп жатыр. Бас бостандығын бәйгеге тіккендердің дені бір реттік ізгілік шарасына ілігеді. Алайда, террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандарға рақымшылық жоқ.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі. Сонымен қатар заң жобасымен босатылған адамдарды әлеуметтендіру көзделіп отыр. Бұл жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету, құжаттарын рәсімдеу және тағы басқа. Өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарға да Үкіметке көмек көрсету тапсырылып отыр.