Алматы апорты халықаралық брендке айналуы мүмкін. Елдің алма өсірушілер қауымдастығы ол үшін қажетті тіркеу құжаттарын жинап қойыпты. Барлық материал Франция, Польша, Испания және Ресейге жіберіледі. Болашақта бұл қазақстандық алманың шығу тегі мен сапасын шетелде қорғауға және хош иісті өнімді осы елдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Еске сала кетейік, 13 қазанда бұл жеміс түрі ұлттық мәртебе алып, отандық өнім ретінде ресми тіркелді. Осының арқасында Алматы апорты енді шетелде қазақстандық бренд ретінде танылады. Бұл ретте айта кетерлік жайт, бүгінгі таңда еліміздің географиялық нұсқауларының мемлекеттік тізілімінде «TURKISTAN» шоколады және балмұздағы, сондай-ақ Қарағанды балмұздағы тіркелген.
Талғат Уәли, ҚР
Әділет министрлігі департаментінің директоры:
- Келесі кезең – жалпы Алматы апортын бренд ретінде тану және әлемдік нарықта шығу тегі Қазақстан екенін дәлелдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өте үлкен ауқымды жұмыс. Мысалы, қазіргі осы сәтте, Алма өсірушілер қауымдастығы біздің Ұлттық зияткерлік меншік институтына өтініш келіп тапсырған болатын, шығу тегі Қазақстан екенін мойындау туралы. Бұл құжат бекітілді. Енді осының негізінде алма өсірушілер қауымдастығына енетін, жалпы, алма өсірумен айналысатын шаруалар шетелде қай мемлекетте саудалағысы келетіні тізімін Ұлттық зияткерлік меншік институтына беруі керек. Сол құжат, тізім негізінде, Әділет министрлігі сол елдерде Алматы апортының құқығын қорғайды.
Еліміздің Әділет министрлігі апорттан бөлек, қымыз, көже және құрт сияқты қазақ халқының ұлттық тағамдарын патенттеу бойынша жұмыс жүргізуде. Жалпы Қазақстанда зияткерлік меншік саласын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Осы бағытта нысандарды тіркеудің ұлттық жүйесі жетілдірілуде. Бұған қоса қызметтер цифрландырылып, халықаралық ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді.