Қаржы және бюджет комитеті жасаған қорытындыға сәйкес заң жобасына тиісті түзетулер енгізілген. Бұл ретте цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың кіші түрлерінің атауларын нақтылау ескерілген. Сонымен қатар, бұл қызметті жарнамалауды алып тастау көзделген. Бұған қоса, аталмыш заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдерін нақтылау ұсынылды. Жалпы құжат еліміздегі сандық активтер айналымы мен шығарылымын және майнингтік қызметті дамыту үшін құқықтық негіз құруға бағытталған дейді, депутаттар. Бұл жолы сенаторлар цифрлық активтер, ақпараттандыру және соттық әкімшелендіру бойынша заң жобасында мақұлдамай, мәжілістің қарауына жіберді. Себебі, елдің сандық активтер нарығын қалыптастыратын және салаға инвесторлар шоғырын тартатын заңдар жүйелі түрде барлық бағыттарды толық қамтуы тиіс дейді, халық қалаулылары.
Сергей Карплюк, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сондай-ақ заңда қарастырылған жаңа нормаларға сәйкес, қазақстандық майнерлер 2024 жылдан бастап өз қызметтерінен түскен табысының 50% Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген биржалар арқылы жүзеге асыруға міндеттеледі. Ал, 2025-ші жылдан бұл көрсеткіш 75%-ке дейін ұлғайтылады. Сәйкесінше орталық аясындағы биржалардың тиімділігі артады. Жалпы айтсақ, «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заңы мен оған ілеспе құжаттар елдегі цифрлық майнинктің құқықтық негіздерін қалап, сандық активтердің экожүйесін қалыптастыруға серпін береді.