Қазақстандық JOLDA заманауи би театры Францияда өнер көрсетеді

Қазақстандық JOLDA заманауи би театры Францияда өнер көрсетеді

Қазақстандық JOLDA заманауи би театры Францияда өнер көрсетеді. Отандық сахна шеберлері Авиньон-OFF әлемдегі ең ірі театр фестиваліне қатысады. Өнер ұжымы кәрі құрлық қауымына «Tamyr» атты төл туындыларын ұсынады. Халықаралық байқау өкілдері Қазақстанға арнайы келіп, жергілікті тәуелсіз театрлар арасында іріктеу жүргізген. Таңдау дәл осы қойылымға түсті. Онда жанды дауыспен үндескен би тілімен ұрпақтар сабақтастығы көрініс табады. Спектакльдің музыкалық материалы мен хор партитурасы өнеге-өсиетке толы бата мәтініне негізделген. JOLDA театры 2020 жылы би зертханасы ретінде құрылды. Бұл бірегей хореография, әуезді музыка және перформативті өнерді тоғыстырған еркін сахналық кеңістік. 

Жанна Төленді, JOLDA DANCE THEATRE жетекшісі, Режиссер: 

- Мен үшін бұл сапар бірінші кезекте төл тарихымызды француз көрерменіне лайықты жеткізу, сондай-ақ, бізді біріктіретін тұстарды анықтау. Себебі біз перформанста ұлт, тіл, шекара талғамайтын баршаға ортақ мәңгілік тақырыптарды да қозғаймыз. Біз француз көрермендерімен көпті толғандыратын осы сұрақтарға қатысты өз ойларымызбен бөлісіп, өзара диалог құру арқылы олардың пікірлерін білгіміз келеді. 

Гүлсая Тәуірханова, JOLDA DANCE THEATRE хореограф - бишісі: 

- Мен үшін «Жолда» би театры бұл жаңа леп, жаңа қозғалыс. Аты айтып тұрғандай, біз әрдайым жол үстіндеміз, ізденістеміз, сонымен маған «Жолда» театрі қатты ұнайды. Мен кішкене қобалжу үстіндемін, себебі біз Қазақстанның атынан бара жатырмыз. Сол себепті үлкен бір жауапкершілікті талап етеді, бірақ біздің қолымыздан келеді деген үміттемін. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?