«Самұрық-Қазына» жалпы құны 33 трлн теңгені құрайтын 46 инвестициялық жобаны іске асырып жатыр. Олар мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистикасы және басқа да салалар бойынша қолға алынған. Бұл жөнінде қор басшысы Нұрлан Жақыпов Қазақстанның Премьер-Министрінің қатысуымен өткен директорлар кеңесінің отырысында мәлімдеді. Жиында Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттерді ескере отырып, Қордың 2024 жылғы жұмысы және оны одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Биыл «Талдықорған - Үшарал» магистралды газ құбырын пайдалануға берудің арқасында Жетісу өңіріндегі 66 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Ал, Маңғыстау өңірінде қуаттылығы тәулігіне 50 мың шаршы метр теңіз суын тұщыту зауыты іске қосылмақ. Транскаспий халықаралық көлік бағытының және «Достық - Мойынты» теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру транзитті дамытуға елеулі серпін береді. Олжас Бектенов жеке инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейтуді жүктеді. Бұл ретте елдің инфрақұрылым, өнеркәсіп, көлік, цифрландыру және жасанды интеллект салаларына басымдық берілуі тиіс. Үкімет басшысы жобаларды іске асыру мерзімдері мен тиімділігін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Олжас Бектенов ҚР Премьер-Министрі:
- Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының екінші желісі, Қашағанда және Жаңаөзенде екі газ өңдеу зауыты, полиэтилен, бутадиен өндіретін зауыттар салынып жатыр. Біз осы жобалардың барлығын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен осы нысандардың көбінің құрылыс басында болдым, сондықтан бұл мәселемен айналысу керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

